ЕМХАНАЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАРДЫ КЕЛЕР ЖЫЛДАН ҚАТАҢДАТУ ЖОСПАРЛАНУДА
2024 жылы медициналық сақтандыру қоры МСАК ұйымдарына қойылатын талаптарды қатаңдатуды жоспарлап отыр. Келесі жылдан бастап Қор 10 мыңнан аз халқы бар МСАК жеткізушілерімен шарт жасаспайды. Бұл қаражатты медициналық ұйымдарға тиімді бөлуге, сонымен бірге пациенттерге сапалы және уақтылы медициналық көмекті қолжетімді етуге, құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұйрықтың жобасы өзгертулер мен қоғамдық талқылаудан өтуде. Мақұлданған жағдайда, бұл норма қолданыстағы жеткізушілерді де айналып өтпейді. Бұл туралы Түркістан облысындағы медициналық қоғамдастықпен кездесу барысында ӘМСҚ Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов мәлімдеді.
Қормен жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың саны жылдан жылға артып келеді. Биыл қормен 1 900-ден астам өнім беруші шарт жасасты, оның 700-ге жуығы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Бұл ретте емханалардың ең көп саны Алматы мен Түркістан облыстарына тиесілі. Соңғысында 59 медициналық ұйым бар.
Әрбір емхана жан басына шаққандағы кешенді норматив арқылы қаржыландырылады, оны Қор әрбір тіркелген адам үшін ай сайын төлейді. Осылайша, емханада халық саны неғұрлым көп болса, соғұрлым көп қаражат бөлінеді, бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы облыстың медициналық активімен кездесу барысында хабарлады.
Ақпарат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Инстаграм ресми парақшасынан алынды.